Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2017

«Kostanay Invest–2017» инвестициялық форумында 26  меморандумға қол қойылды

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайда өткен «Kostanay Invest–2017» инвестициялық форумына шетелдерден бизнес құрылым, дипломатиялық корпус, инвестициялық компания  өкілдері,  шетелдік және отандық сарапшылар, кәсіпкерлер, Қазақстан Үкіметінің мүшелері, мемлекеттік және ұлттық компания қызметкерлері, Парламент  депутаттары, барлығы  250 адам қатысты. 

«Kostanay Invest–2017» инвестициялық форумында 26  меморандумға қол қойылды

Форумда Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев өңірдің инвестициялық әлеуеті жөнінде айтып берді. Ол алдымен жұртттың назарын облыстағы инвестиция тарту көрсеткішіне аударды. Биыл жыл басынан бергі 8 айда облыстағы негізгі капиталға 113 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 11,5 миллиард теңгеге көп.     

«Облыстағы өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 2,2 есе өсті. Мұның сыртында 285 миллиард теңгені құрайтын 16 ірі жоба жүзеге асырылуда, онда 2 мың жұмыс орны ашылды» деді   Мейіржан Ұябайұлы.

Форумда Инвестиция және даму вице-министрі Ерлан Хаиров, Мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталов, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев,  Дүниежүзі банкінің жеке меншік секторды дамыту маманы Ералы Бексұлтан,  Азия даму банкі өкілдігінің директоры Джованни Капанелли, тағы басқалар сөйлеп, Қазақстандағы инвестициялық қолайлылық және инвестиция тартудың мәселелерін ортаға салды.

Форумның  пленарлық мәжілісін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қорытындылап, оның жұмысына қатысқандарға рахмет айтты. Пленарлық мәжілістен кейін әлеуетті инвесторлар мен Қостанай облысы арасында 26 меморандумға қол қойылды.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар